СЕН НЕГЕ ЕЛЕУСІЗСІҢ...? 🍂 (Әр мұсылман оқуы тиіс) Бұл дүниеде барша адамзатқа, Қиямет күні тек қана иман келтіргендерге мейірімді болған Алланың атымен бастаймын. Оның Елшісіне Алланың сәлемі мен игілігі болсын. Содан соң, Пайғамбарымыздың ﷺ өмірбаяны ғибрат пен өнегеге толы екені барша мұсылманға мәлім. Қашан мұсылмандар Пайғамбарымыз ﷺ сипатталған сипаттармен көбірек сипатталса, оның бойынан кемелдік пен үйлесімділіктің белгілері табыла бастайды. Бұл қасиет мұсылманның әуелі өз басына, кейін өзі өмір сүріп жатқан қоғамға жақсылығымен әсер етеді. Бүгін біз сіздермен Қазақстандағы мұсылмандардың бойынан жоғалып бара жатқан, бірақ өте маңызды болған бір сипатқа тоқталғымыз келіп отыр. Ол үшін аз ғана Пайғамбарымыздың ﷺ өміріне көз жүгіртейік. Пайғамбарымыздың ﷺ отыз бес жасында меккелік тайпалардың Қағбаның құрылысын жаңартып қайта тұрғызуға бел буғаны белгілі. Алланың қалауымен олар Қағбаны адал ақшаларымен қайта тұрғызады. Бірақ, ақшалары жетпегендіктен алдыңғы құрылысынан сәл кішірек болып шығады. Қағбаны салып болғаннан кейін Хаджарул-Асуадты (қара тас) орнына қою үшін Араб руларының арасында бақталастық пайда болады. Бұл бақталастық дауының шешілуі мүмкін емес еді. Тіпті бұл келіспеушілік оларды қан төгіске апара жаздаған болатын. Сол себепті барлық ру басшылары Мұхаммед ﷺ сенімді, әрі халық арасында мейірімділігімен танымал болғаны үшін бұл даудың шешімін оған тапсырады. Бұл шағын оқиғадан келіп шығатын бір ғибратты мәселе бар. Ол Пайғамбарымыздың ﷺ қоғамдағы орны мен рөлі. Пайғамбарымыз ﷺ қоғамда орын алып жатырған оқиғаларға мән бермейтін, оған араласпайтын пассивті адам болмаған. Керісінше, ол өзімен бір қоғамда өмір сүріп жатқан қауымдастарының өмірі мен іс – шараларына етене араласқан. Ал, қоғамның шаруаларына араласу Ислам дағуатшысына сол қоғамның жүрегінің төрінен орын алуына көмектеседі. Соның арқасында Ислам дағуатшысының сөздері діннен алыс болған адамдардың жүрегінде терең орын табады. Ол сөйлеген уақытта оның сөздерін тыңдайды, ол кеңес бергенде оның кеңестері адамдардың жүрегінде қабыл болады. Адамдар оған өздерінің келісе алмай қалған мәселелерімен келеді. Мейлі ол дүниелік болсын, мейлі діни болсын. Себебі, олардың жүрегінде қоғамның тіршілігіне етене араласып жүрген адам олардың мәселелерін дұрысынан шешіп береді деген үміт болады. Ал енді ойланайықшы, БІЗ ше? БІЗ не істеп жүрміз? Қашанғы БІЗ қоғамда болып жатырған істердің пассивті көрермені бола береміз? Неге біз алға талпынбаймыз? Неге біздің қоғамда ойып алардай орынымыз жоқ? Расында, үйде бір мәселе шыға қалса ол мәселені шешумен кім айналасады? Әке – шешеміз. Неге? Себебі, олар отбасы мәселелеріне жай қарап отырған жоқ. Керісінше, олар үйдің шаруасымен айналысты, үйдің тіршілігінің ілгері жылжуына әрекет қылды. Сондықтанда, олардың сөздерін тыңдаймыз, кеңестерін қабыл аламыз. Бұл мәселе қай – қай салада болмасын кездеседі. Мәселен, достарыңыздың арасында келіспеушілік болса оны шешу үшін кімге қараймыз? Әлбетте, мәселе шыққанда сол мәселені шешумен айналысатын, достардың басын жинап отырмақтар ұйымдастыратын топтың белсенді мүшесіне қараймыз. Бұл нәрсені жұмыстан да байқаймыз, үйден де байқаймыз, көшеде де, ауылда да, барлық жерде кездеседі... Себебі, белгілі бір қоғамның жағдайына жаны ашитын адамды, оның істеріне белсене араласатын адамды барлық адам жақсы көреді және оның жанынан пана іздей бастайды. Ал, біздің баршамыздың мойнымызда адамдарды «жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару»деген міндет бар. Біздің оны істеуге ақылымыз жете ме? Мысалы, «намаз оқы» деп айтуға, немесе намаздың маңыздылығын түсіндіруге баршамыздың ақылымыз жетеді. Бірақ, біздің сөздеріміз жиі естілмей қалып жатады. Адамдар мән бермейді. Ал біз болсақ «Қияметте көресіңдер», «Тәкәпарланып тыңдамағандар» деп ашулы күймен ызаға булығып қалып қоямыз. Неге олай? Неге біздің сөздеріміз өтімді емес? Себебі, біз, біріншіден, оларға жанымыз ашыған күйде дағуат қылмаймыз. Яғни, тек ұстаздардан естіген нәрселерімізді ғана «тықылдатып» айтып береміз. Бірақ, жан ашырлық пен махаббат біздің сөздерімізден байқалмайды. Екіншіден, біз отбасымыздың болсын, достарымыздың болсын істеріне ден қойып араласпаймыз. Олардың істеріне араласып, көмектеспеген сон біздің сөздеріміз үлкен салмаққа ие емес. Расында, біз тек қана діни емес, сонымен қатар дүнияуи істерге де араласу керекпіз. Көшені тазалау, сыныптас – курстастарымызбен бірге серуендеп қайту, әртүрлі шараларға араласу т.с.с. Біз олардың басына іс түскенде жанынан табылмаған соң, оларға демеу бермеген соң, олардың қиыншылығын шешуге араласпаған соң біздің сөзіміз үлкен салмаққа ие емес. Сондықтан да біз бүгінгі таңда өзге түгіл, өзіміздің жанымыздағы адамдарды Исламға, оның жақсылығына әкеле алмай жатырмыз. Жарайды. Мәселе түсінікті. Ал оның шешу жолы қалай? Оның шешу жолы қарапайым. Біріншіден, әрбір адам өзінің діни істерін ретке келтіріп алу керек. Яғни, біз өзіміздің құлшылығымызды түзеу керекпіз және білім алуға талпынуымыз керек. Жамағатқа араласу керекпіз. Ең болмағанда аптасына бір реті таң намазды мешітте оқып үйренуіміз қажет. Ең болмағанда аптасына бір рет қана. Пайғамбармыздың ﷺ "Білім талап қылу (іздену) әр мұсылманға парыз" деген сөзі баршамызға белгілі. Бұл білімге мұсылманның жеке басына қатысты болған (фарзул-айн) білімі жатады. Ол білімнің бірі - Иман білімі. Бұл білім біздің арамызда «ақида» деген атпен танымал. Яғни, біз Аллаға иман келтіргенде Алланың Субхана уа Тағаланы тануға қатысты біз білуге тиісті міндеттер бар. Мысалы, Алла Тағаланы Болмысында жалғыз, басқа жаратылысқа ақиқи болмысында, ісінде, сипаттарында ұқсамайды деп білу біз үшін міндетті. Сол сияқты, намазға, оразаға қатысты білімдер. Намазда қандай амалдардың болуы міндетті, қандай амалдар намазды бұзады т.с.с. Екіншіден, мұсылман адам өзінің істеп жатырған кәсібінде шебер болу. Егер сіз оқушы болсаңыз білімді, ұқыпты, білікті оқушы болыңыз. Ал, егер жұмыс жасасаңыз жұмысыңызды абыроймен, адал атқарыңыз. Ал егер жанұядағы әйел болсаңыз үйдің тіршілігін мұнтаздай етіп атқарыңыз. Адамның, өз ісінде кәсіби маман болуы қоғамның оған сенім артуының кепілі. Егерде, адамдар біздің өз ісімізде қаншалықты ұқыпты әрі шебер екенімізді байқаса, дінде де біздің қаншалықты ұқыпты екенімізді байқап біздің сөзімізді қабылдап, кеңестерімізге құлақ түретін болады. Ал, «Мен дін ұстандым» деп үйге тығылып алып ешкіммен араласпай жатып алу мұсылманның сипатына сай емес. Себебі, біздің бүгін түсінгеніміздей Пайғамбарымыз ﷺ қоғамның өмірі мен онда орын алып жатырған оқиғаларға тікелей араласқан және оның тікелей аралсуы сол қоғамның Пайғамбарымызғаﷺ деген сенімін арттыра түсіп өздерінің арасында болған келіспеушілікті шешуіне рұқсат беруге негіз болған басты фактор. Ислам үмбеті үшін Пайғамбарымыздың ﷺ істеген амалдарын істеу сүннет болып табылады. Бірақ, «сүннетке еру» деген тек намаздағы талас тудыратын бес алты мәселе емес. Әлбетте, оларды маңызсыз демейміз. Сүннетке еру біз жоғарыда көрсеткендей Пайғамбарымзыдыңﷺ тұлғалық қасиеттері мен сипаттарына қоса еру. Және біздің ерген сүннетімізден біздің өзімізге және мұсылман үмметіне пайда тиюі керек. Сондықтан да, мұсылман бауырлар: Пайғамбармыздың ﷺ өмірінен алынған осы бір үлкен нәрседен ғибрат ала білейік және Пайғамабарымыздың ﷺ өмірбаянын (сирасын) жәйдан – жәй сандар мен, оқиғалардың жиынтығы емес, керісінше өнеге алатын өмір мен еруге лайықты тұлғаның қасиеттерінің жиынтығы деп білейік. Раббымыз Алла біздің баршамызға Алла Елшісінің ﷺ өмірінен өнеге алатын және оған еретін адамдардан етіп баршамызға өзінің жақсылығын нәсіп етсін. Әссәләмуғәләйкум уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ! ✏ Құрметпен, Жәннатқа асығыңдар ツ парақшасы

Теги других блогов: продвижение SEO Google